НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ЖІГІТТЕРІ БІЛУІ ТИІС
Жылқыға қатысты көнерген сөздер
Лақса – әбден қартайған. Лақса кәрі жылқы
Лап – бұрынғы кездегі «аттан», «тізгін босат», «тұра шап» деген мағынадағы жарлық сөз. Лап қою – барлығы бірдей қозғалу.
Мама – ат байлайтын діңгек ағаш. Мама ағаш.
«Шоң ауылының сонау етегіне мама ағаш қағылып, арасына арқан керілген.» (Қ.Исабаев)
Мама бие – сүтті, жуан бие.
«…Өңкей мама бие бер,
сауған сайын ие бер». (Тұрмыс-салт жыры)
Мандам – жылқының тамағын без басып, іріңдейтін індет.
Манжақы – бедеу.
Маңғыл – жылқының маңдайындағы қасқасы. Маңғыл қасқа – қасқасы маңдайынан танауына дейін толық, айқын қасқа.
Маңқа – жылқының ауыруы. Маңқа-қолқа.
«Арымасын, талмасын деп,
маңқа-қолқа болмасын деп,
жеміне қосып қыз Құртқа,
қызыл дәрі жегізді.» («Қобланды батыр» жыры)
Марайма – елпектей басып жүретін жылқы жүрісі.
«Алайма, сұлтан, а лайма,
астыма мінген арғымақ,
аяңдай түсіп марайма.» (Махамбет)
Мауыт (Мауыты) қ. Мәуіт. – қымбат матадан тігілген атжабу.
«Бурылға жапты көк мауыт,
Сыйынған пірім ер Дәуіт.» («Қобланды батыр» жыры)
Мәстек – бой тұрқы тапал, тегі нашар жылқы.
«Наз бедеуден жал кетіп,
мәстектердің сүбесі,
сере болған заман-ай!» (Нұржан Наушабаев)
Месберік – мал бағуға, ауыр жұмысқа пайдаланылатын ат.
«Бір месберік екіден үш ай мал бағуға жарайды». (Б.Қалиев сөздігі)
Можа – Жуас жылқы.
«Қарны кебежедей бір можа биеге малшы қатын мінем деп, үзеңгіге аяғы жетпей мықшыңдап жатыр еді.» (Ж.Аймауытов)
Мүйет – аттың жауырына ер тигізбеу үшін немесе жарақатқа ораған нәрсені тигізбеу үшін қолданылатын төсеніш зат.
Мырза бақташы – жылқышы.
Мілік – «Құлынның мілігінде жылтырап қылтиған иттістің нышыны байқалса, оның тұқымы асыл болуының белгісі». (Б.Қинаятұлы)
Назбедеу – әсем, сұлу мүсінді, жүйрік ат.
«Ойық желке, кекшіл бас, құлжа мойын назбедеу».
«Назбедеу аттың тұяғы,
Тасқа тиіп тұралар.»
«Жеті сайын жан салмай,
жол алған мен бір назбедеу,
сейісін тауып баптаса». (Балқы Базар)
Ноғала – жылқының көзіне ақ түсу. Ноғала болу.
Ойынды – жылқының алдыңғы екі аяғының ортасындағы кеудеге қарай біткен, бұлтылдаған бұлшық етті дөңес жері. Ойынды еті бұлтылдып. Асық жіліктің ойынды еті.
Оя – жылқының сауыр еті.
«Тұлпар тулақ болады,
орта түссе оясы» (Базар жырау)
Өлі – Жылқының ауыруы. Түйнек. Өлі тію.
«Өлі – жылқының қара терге түсіп, бір тұрып, бір жүріп, жайылмай теңселіп жүретін ауру». (Ш.Жәнәбілов)
Өмілдірік – ердің қайқайыста артқа кетпес үшін алдыңғы қанжығаға бекітіліпаттың омырунан орай тағылатын әбзел.
«Бірі жақұт орнатылған, күміс шапқан үйрекбас ерлі, жалпақ өмілдірігі мен әшекейлі құйысқанының шашақтары төгілген, бірі береземен безендірілген биік алтын қасты жайпақ ерлі, алтын оқалы көк кежім жабылған екі ат тартылды.» (М.Мағауин)
«Өмілдірік сом алтын, омырауда алқылдап.» («Қыз Жібек» жырынан)
Шығу тегі моңғол тіліндегі «өмін» (өмнө) – алдыңғы жақ деген ұғымнан болса керек).
Өң (Өңдік) – аттың арқасына жұмсақ болу үшін терліктің астына салынатын жұмсақ қабат. (Моңғолия қазақтары өң емес, өңдік дейді)
«Аттың арқасына жұмсақ болу үшін терліктің астынан иттің, қоянның терісі төселеді. Оны «өң» деп атайды». (Б.Қалиев сөздігінен)
Өпшін – ат жабу. Кежім.
«Толып жатқан көп қалмақ,
Атына өпшін жабады». («Ер Тарғын» жыры)
Пырақ (араб) – Қиял-ғажайып ертегілерінде, эпостарда айтылатын қанатты жылқы.
«Жолдың тарттым жырағын,
шілтендер мінген пырағын.» («Мұңлық – Зарлық» жырынан)
«Мынау жай мал емес, пырақ екен! Тіфе-тіфе, тіл-көзден сақтасын.» (С.Жүнісов )
Ауысп: Жүйрік ат, сәйгүлік, тұлпар.
Пыстан– ердің көпшігін (аткөрпесін) басып тұратын ат әбзелі. (белбеу сияқты) сәндік үшін күміс құймалармен әшекейленеді.
«Атқа салдым пыстанды,
мен кеткен соң, атажан,
ақыры жерсің пұшманды.» («Алпамыс батыр» жыры)
Сабадар – бас қымызшы, қымыз құюшы.
Сабаутіс – жылқының жал-құйрығын тарауға арналған тарақ.
"Таңдамалы жинақтар"